Дәріхана иелері дәрі-дәрмек бағасын көтеруді тоқтатпай тұр. Соңғы екі күнде жүргізілген профилактикалық іс-шаралар барысында полицейлер препараттардың бағасын негізсіз қымбаттатқан бес деректі анықтаған. Ал өткен екі аптада тәртіп сақшылары 40-қа жуық заңбұзушылыққа тосқауыл қойыпты.
– 5-шілдеден бері дәрі-дәрмектерді осындай жоғары бағамен сатудың 40-тан астам дерегі әшкереленді. Бұдан басқа, Атырау полиция қызметкерлері дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдарды заңсыз сатудың 7 фактісін анықтады. Барлық анықталған деректер бойынша жинақталған құжаттар Атырау облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды, – дейді Атырау облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлназира Мұхтарова.