CaspianLife, 26 тамыз. Зейнетақының ең төмен мөлшерi – 62 771 теңге болады.
Қаржы министрлігі Ашық НҚА порталында 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қоғамдық талқыға жариялады.
Заң жобасына сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда зейнетақы 8,5 пайызға өседі.
«Жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне жұмсалатын қаражат 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап олардың мөлшерлерін 8,5 пайызға көтеру ескеріле отырып көзделген деп белгіленсін», – делінген заң жобасында.
Заң жобасында 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап негізгі экономикалық көрсеткіштер қандай мәнге ие болатыны жазылған. Атап айтқанда, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап:
жалақының ең төмен мөлшерi – 85 мың теңге;
мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төмен мөлшері – 32 360 теңге;
зейнетақының ең төмен мөлшерi – 62 771 теңге;
айлық есептiк көрсеткiш – 3 932 теңге;
базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 46 228 теңге болып белгiленбек.
«2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төленуге жататын, мемлекеттің міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналарының мөлшері мемлекет жарналарын есептеу объектісінің 2 пайызы болып белгiленсiн. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілерге (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшілерден басқа) және арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлеріне тұрғынжайды күтіп-ұстауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ақшалай өтемақының айлық мөлшерi 3 739 теңге сомасында белгiленсiн», – делінген заң жобасында.