CaspianLife, 23 тамыз. Бүгін 400 балаға арналған Nomad school мектеп-лицейінің салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті.
Биыл жаңа білім ордасы 1-9 сынып аралығындағы оқушыларды қабылдап жатыр. Келесі оқу жылында 10-11 сынып ашу жоспарда бар.
Ресми іс-шараға қала басшылары, депутаттар мен білім беру саласының мамандары, сондай-ақ, оқушылар мен ата-аналар қатысып, ақжарма тілектерін арнады.
Білім ордасының материалдық-техникалық базасы жасақталған. Мультимедиялық кабинеттері бар, оқулықтар да жеткілікті. Сондай-ақ, балалардың жан-жақты дамуы үшін бар мүмкіндік қарастырылған.
Мысалы, элиталық мектеп-лицейде ІТ робототехникасы, шығармашылық және спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Ата-аналар да облыс орталығынан балалардың білім алып, дамуына толық жағдай жасалған мектептің ашылғанына дән риза.
Бүгінде мектепте 30-ға жуық педагог жұмыс істейді. Директордың айтуынша, барлығының жоғары білімі бар, тәжірибелі мамандар.
Мектеп басшылығының сөзінше, оқу ақысына оқушының үш мезгіл тамағы, формасы және оқулықтары енеді. Жаңа білім ордасында оқу – ақылы. Барлық сыныпқа — бір баға. Отбасының әлеуметтік жағдайына байланысты жеңілдіктер де қарастырылған.