Атырауда маса улау жұмыстарының 7-нші кезеңі жүргізіліп жатқанын облыстық коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жергілікті мамандардың айтуынша, жылдан-жылға маса улау жұмыстары қиындап барады. Қансорғыш экологияның кез-келген жағдайына тез бейімделетіндіктен маса улауға арналған дәрілік заттарды үнемі өзгертіп отыруға тура келеді екен.
Соңғы уақытта жаңа «мистраль» препараты қолданысқа еніп жатыр.
– Бүгінде жаңа препараттың экологиямызға әсерін зерттеп жатырмыз. Яғни, «Мистраль» дәрісінің күші өте жоғары. Сол себепті, оның көлемін азайтып, тиісінше бұрын қолданыстағы «бомбей» препаратымен араластырдық. Соңғы аптада бұл дәрілік зат тәжірибеден оң нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта, жаппай улаудың 7-нші сатысында жүрміз, әлі 8, 9, 10-ыншы кезеңі бар, – дейді, биолог-энтомолог маман Айнагүл Дәулетиярова.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қарасты «AG Disinfection services» мердігер мекемесі дезинсекциялық жұмыстарды наурыз айында бастады. Міне, содан бері бүгінге дейін 1188 көпқабатты тұрғын үйдің жертөлелері мен кіреберістері қансорғыштардан тазаланып жатыр.
ПИК қызмет етпейтін үйлерге дезинсекция жұмыстары сенбі-жексенбі күндері жүргізілсе, ПИК қызмет ететін тұрғын үй секторлары жұмыс күндері рет-ретімен уланады. Ал жеке тұрғын үй секторлары, ауылдық округтер әр күн сайын, белгіленген кесте бойынша кешкісін залалсыздандырылады.
Сонымен қатар, әлеуметтік желілердегі жергілікті тұрғындардың жанайқайына байланысты мамандар арнайы чаттар ашып, халықпен үнемі байланыста болуды әдетке айналдырған.