Ақтауда кәсібін құпия жолмен айналдырған бірнеше кафе, дәмхана, кәуапхана иелеріне әкімшілік хаттама толтырылды. Себеп анық: олар карантин талаптарына құлақ аспай, қызметін жасырын атқарған.
Ереже бойынша тамақтану орындары тұтынушыға жеткізіп беру әдісімен жұмыс жасауы тиіс еді. Заңды белден басқандарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425 бабына сәйкес, 30 бен 200 АЕК аралығында айыппұл салынып, жинақталған іс сотқа жолданбақ. Айта кетейік, рейдтік іс-шаралар карантин уақыты аяқталғанша жалғасады.
– Жалпы, облыс көлемінде осындай жұмыстарды жиі атқарамыз. Себебі, біздің осы күнге дейінгі ескертуімізге мән бермегендер көп болды. Енді осындай қатаң әрекеттерге көшпесек, түсініспеушілік арта бермек, – деді Маңғыстау облыстық жергілікті полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржан Махмұтов.