Қазақстандықтар коронавирус құрбандарын аза тұтты. Атыраудағы бір минуттық үнсіздік сағат тілі тура 11-ді соққанда басталды. Мекемелердің ғимаратына ілінген ту төмен түсіріліп, қызметкерлер далаға шығып, қайтыс болғандарды еске алды. Қауіпті инфекциямен күресте көз жұмғандарға Атырау облысы әкімдігі де құрмет көрсетті.
Сондай-ақ, ақхалаттылар да жұқпалы аурулар ауруханасының алдына жиналып, көз жұмған әріптестері үшін тағзым жасады.
Марқұм болған атыраулық дәрігерлердің бірі – салада 40 жыл еңбек еткен Жұмабек Дәулетов. Ол өмірінің соңғы айына дейін індетпен күресіп, науқастарға көмек көрсетіп келген.
Ал коронавирус инфекциясының аймақтағы ең ірі ошағы саналған Теңіз кен орнында осыған дейін 2 мыңнан астам жұмысшы қауіпті дертке шалдыққан. Сондай-ақ, «Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік басқармаларынан вирус жұқтырған 400-ден астам жұмысшы анықталған.
Тек соңғы бір аптада елде бұл дерттен 111 адам қаза тапса, індет басталғалы 375 адам қауіпті инфекцияның құрбаны болған. Қазір Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың саны 60-мыңға жуықтайды. Оның жартысынан көбі жазылып шықты.