CaspianLife, 20 мамыр — Атыраулық құтқарушылар түнгі кезекшілікте 132 адамды, оның ішінде 11 баланы қайықпен тасымалдады
«Казгидромет» РМК мәліметіне сәйкес, 20 мамырда Атырау облысы Махамбет ауданында Жайық өзенінің су деңгейі +4 см көтеріліп, 1015 см құраған.
Махамбет ауданы Сарытоғай ауылын су басу қаупі төнуіне байланысты, өр суын қауіпсіз өткізу мақсатында Махамбет ауылы мен Сарытоғай ауылын жалғап жатырған тас жол жабылып, су арнасы бағытын бұру үшін жырылып, көлік қатынасы тоқтаған болатын. Тұрғындарды тасымалдау қайық арқылы тәулік бойы жүзеге асырылуда.
19 мамыр күні кешкі сағат 20.00-ден бастап 20 мамыр күні сағат 08.00 аралығындағы кезекшілікте Атырау облысы ТЖД Жедел құтқару жасағының құтқарушылары Махамбет ауылы мен Сарытоғай ауылы арасында қатынаған 132 тұрғынды, оның ішінде 11 баланы қайықпен тасымалдады.
Естеріңізге сала кетейік, Махамбет ауданында 9 ауылдық округ, 21 елді мекен бар. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, Махамбет ауданының Жайық өзені бойында орналасқан 13 елді мекенінде Атырау облысының құтқарушылары тәулік бойы кезекшілікте тұр.
Су басу қаупінің алдын алу мақсатында, Махамбет ауданында 105,8 шақырымда бөгет нығайтылды.