Құрманғазы ауданы Сүйіндік ауылдық округінде 3-шілде күні кешкі сағат бес шамасында басталған өрт туралы әлеуметтік желіде видео тарады.
Сүйіндік округіне қарасты Шеркелі, Төлеміс, Тынысбек, Алғайыр елдімекендерінде жалпы аумағы 23 гектар болатын құрғақ шөп жанып кеткен. Тілсіз жауды ауыздықтауға ауыл тұрғындарымен қатар 30 адам және 2 су тасығыш көлі, екі жеңіл автокөліктен құралған өрт сөндіру жасағы жұмылдырылды. Аудан орталығы мен ауыл арасы қашық болғандықтан тұрғындар өрт сөндірушілер келгенше жалынды өздері сөндірген.
– Өртті ауыздықтаған – ауыл азаматтары. Сол жігіттердің арқасында өрт таңғы сағат 4 шамасында өшірілді. Ауылдың жігіттері мен округке қарасты техникалардың көмегімен дер кезінде ауыздықтадық, – дейді Сүйіндік ауылдық округінің әкімі Қанат Құлшар.
Сондай-ақ, ол ауылдастарының сөзіне сілетеме жасай отырып, әуеде ұшып бара жатқан ұшақтың шар тәріздес белгісіз нәрсені лақтырып кеткенін айтады. Ол жерге түскен бойда жарылып, даланы өртке ораған.