CaspianLife, 18 сәуір — Ресей жақтан келе жатқан өр суын ең бірінші болып қабылдайтын БҚО-дағы Январцево ауылының тұсында Жайық деңгейі 18-сәуір күні 38 см-ге, Көшім су бекетінде 8, Тайпақта 8 см-ге көтерілді. Атырау қаласында Жайық өзенінің деңгейінде бір тәулік ішінде өзгеріс болған жоқ, су деңгейі кешегідей: 396 см. Қауіпті деңгей 550 см. Батыс Қазақстан облысы жағынан келетін судың есебінен Жайық өзенінің деңгейі Индербор кентінің тұсында 8 см-ге көтеріліп, 555 см-ге жетті. Қауіпті деңгей 845 см. Махамбет кенті маңында Жайық өзенінің деңгейі бір тәулікте 7 см-ге көтеріліп, су деңгейі 679 см-ді көрсетіп тұр. Қауіпті деңгей 850 см. Ал жалпы көктемгі тасқын басталғалы бері 362 см-ге көтерілген. Қиғаш-Шортанбай бекетіндегі су деңгейі тәулік ішінде 8 см-ге көтеріліп, қазір мұндағы су деңгейі 201 см болып тұр. Қауіпті деңгей 5 метр. Жем өзенінің деңгейі бір күн ішінде 8 см-ге төмендеп, 184 см-ді көрсетті. Жайықтың жоғары жағында, атап айтсақ Жайық-Оренбург гидробекеті су деңгейінің сәл де болса төмендеп келе жатқанын көрсетіп тұр. Мұнда бір тәулік ішінде су деңгейі 35 см-ге түсіп, қазір 1074 см-ді көрсетіп тұр. Қауіпті деңгейден 144 см-ге әлі де асып тұр. 18-сәуір күні Иреклі суқоймасынан секундына 345 текше метр су жіберілуде.