CaspianLife, 10 сәуір — Еліміздің солтүстік және батыс облыстарында болып жатқан күрделі ахуалға байланысты айыр қалпақты ағайындар қазақ еліне 300 тонна гуманитарлық көмек тиелген 15 фура жіберді. Оның 80 тоннасы атыраулықтарға тиесілі. Ал қалғаны еліміздің өзге өңірлеріндегі жұртқа жеткізіледі. Қырғыз халқы бізге азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын, гигиеналық заттар, сондай-ақ, үрмелі қайықтар мен шатыр, шам, техникалық құрылғы, құрал-саймандар беріп жіберіпті. Гуманитарлық көмек тиелген жүкті Қырғыз Республикасының Төтенше жағдай жөніндегі вице-министрі Урматбек Шамырқанов бастап алып келді.