CaspianLife, 13 наурыз — Атырау облысындағы «Теңіз» мұнай-газ кен орнын пайдалану бойынша келісім-шартты ұзарту туралы әңгіме болған жоқ. Бұл туралы Энергетика министрлігіне сілтеме жасаған Инбизнес.кз хабарлады. «Теңіз» кен орнын игеруге қатысты келісімге 1993 жылы қол қойылды. Ол 40 жылға, яғни 2033 жылға дейін есептелген. Қазіргі кезде «Теңізшевройл» ЖШС серіктестері – 50 пайыз үлесі бар «Шеврон», 20 пайызбен «Қазмұнайгаз» ҰК, 25 пайыздық үлеспен «ЭксонМобил Казахстан Венчурс Инк.» және 5 пайыздық үлесі бар «Лукойл» компаниясы», — делінген мәліметте. Ресей тарапы 2033 жылдан кейін келісім-шартты ұзартуға қатысты келіссөзге қатыса ма және «Келешек кеңею» мен «Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару» жобасын жүзеге асыруға жұмсалған 47 миллиард АҚШ доллары қалай қайтарылады деген сауалға Энергетика министрлігі «келісім-шарт мерзімі біткен соң «Теңіз» жобасының статусы туралы шешім еліміздің мүддесін ескере отырып, құзырлы мемлекеттік орындар және «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы өкілдерімен біріге отырып қабылданады» деп жауап берген. Дегенмен серіктестердің кез-келгені концессия аяқталғанға дейінгі 5 жыл ішінде келісім-шарт мерзімін ұзарту туралы келіссөз бастауға құқылы. Бірақ қазіргі таңда тараптардың бір де біреуі мұндай әңгімені қозғаған емес», — делінген министрлік таратқан ақпаратта. Еске салайық, Келешек кеңею жобасын іске қосу мерзімі 2025 жылдың екінші жарты жылдығына қалдырылғаны белгілі. Ол жүзеге асса мұнай өндіру көлемін 12 миллион тоннаға көбейтуге мүмкіндік бермек.