CaspianLife, 29 ақпан — «Атырау облысындағы жолдардың жағдайы жыл аяғына дейін 88 пайызға жақсарады», -дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек Мұханбетәлиев. Былтыр жасалған жұмыстарды жіпке тізгендей қып айтқан басшының сөзіне сенсек, өткен жылы жоқ жерге жол салып, барын жөндеу үшін жергілікті және республикалық бюджеттен жалпы мөлшері 54 миллиард тг бөлініпті. Бұл қаражат жалпы ұзындығы 966 шақырымға есептелген. 2023-те басталған жұмыс әлі де жасалып жатыр. Ал, биыл 34 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Басшы осыдан 5 жыл бұрын басталып, әлі күнге дейін созылып келе жатқан жолдарға қатысты да айтты. Мысалы «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» трассасының осы уақытқа дейін 77 шақырымы жөнделіпті. Жыл соңына дейін толық ашылуы тиіс. Атырау-Астрахань тас жолының құрылысы да солай, биыл желтоқсанда түгел бітуі керек. Қазіргі кезде жөнделетін 25 шақырымдай жері қалыпты.
-Енді жұмыстар басталып, толығымен аяқталған жұмыстар жоқ. Өйткені көріп отырғаныздай аудандарда пайыздық мөлшерлері өте төмен. Сол себепті, жобаларға 2023 жылы толығымен түзетулер енгіздік. Себебі, бұл жобалардың көбі 2018-2019 жылдары жасалған. Және де 2022-2023 жылы инерттік материалдардың бағасы күрт өсіп кетті. Сол себепті, бір жыл осы жобаға түзетулер енгізілгеннен кейін жұмыстар тоқтап қалды. 2024 жылы көптеген аудан ішілік жолдар мен қала ішілік жолдар тапсырылатын болады, — деді Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әлібек Мұханбетқалиев.
Әлібек Мұханбетәлиевтің сөзінше биыл облыс орталығындағы жолдарды жамап-жасқау үшін үшін 280 млн теңгеге жуық қаражат бөлінбек. Оған жалпы ұзындығы 50 мың шаршы метр болатын 105 көшенің бойындағы шұңқыр-тесік бітеледі.