CaspianLife, 28 ақпан — «5 миллиард доллар айыппұл төлемеймін» деп Атырау экологтарымен дауласып жүрген НКОК компаниясы сотта жеңіліп қалды. Астанадағы апелляциялық сот алқасы Атырау облыстық экология департаменті қызметкерлерінің Қашағанда жүргізген тексеріс нәтижесін заңды деп таныды. Бұл туралы энерджи монитор телеграм каналы хабарлады.
«Астана қаласының мамандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023-жылдың 14-маусымындағы шешімі өзгертілсін. 3, 6, 9 тармақтарда көрсетілген заңсыздықты жою туралы ұйғарым жойылып, заңсыз деп танылсын. Жаңа шешім шығарылсын, — делінген сот алқасының шешімінде.
Сот алқасы Қашаған кен орнын игеріп отырған оператордың экологиялық талапты орындамағандығын, арнайы жасақталған жобаның жоқтығын және қоршаған ортаға әсер етуді бағалауды алдын ала өткізбей, өндірістік процеске айтарлықтай өзгеріс енгізгенін анықтапты. Және коллегия «кен орнында күкіртті рұқсат етілген мөлшерден көп сақтады» деген экологтардың қорытындысын заңды деп таныды.