CaspianLife, 2 ақпан — 7А ықшамауданының жағажайында орналасқан мына қоғамдық әжетхананың жағдайы мәз емес. 31 қаңтар күні түсірілген видеоға сүйенсек, дәретханада қарапайым су жоқ: қол жуғышта да, әжетхананың өзінде де. Арнайы диспенсер тұрса да, ішінде қағаз сүлгі мен дәретхана қағазы да болмаған.
Айта кетейік, мұндай 5 модульді әжетхананы орнатуға бюджеттен 87 миллион теңге бөлінген еді. Қазір бір рет қажетіңді өтеп шығу үшін 100 теңге төлеу керек және ақысын дәретхана есіктерінде ілінген QR коды бар жапсырмалар арқылы төлейді.
Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі бұл жағдайға түсініктеме берді:
«Бұған дейін тұрғындардан қоғамдық дәретханаларға қызмет көрсететін компанияларға қатысты шағымдар көп болатын. Қала тұрғындарының пікірі ескеріліп, Ақтау қаласы әкімдігінің тапсырмасымен қаладағы қоғамдық дәретханалар «Ақтау Тұрғын үй» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының қызмет көрсетуіне берілді. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін төлем QR-код арқылы жүзеге асырылады. Төлемді «Ақтау тұрғын үй» КМК алады. Алынған қаражат дәретханаларды ұстауға жұмсалады», — деп хабарлады ведомстводан.
Сондай-ақ олар сумен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты қазіргі уақытта нысанның қалыпты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.
Айта кетейік, ақтаулықтар 87 миллион теңге тұратын әжетханалардың жұмысына бірнеше рет шағымданған болатын. Көбінесе дәретханаларды пайдалану мүмкін болмады, өйткені олар жай ғана жабық.