CaspianLife, 18 қаңтар — Ақтауда үй улаймын деп көршісінің екі баласын өлтіріп алған әйелдің ісіне қатысты сот үкім шығарды. 48 жастағы тұрғын «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бабы бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды және жәбірленушіге өтемақы төлеуі тиіс.
«Қылмыстық кодекстің 304-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, осы бап бойынша 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын Қылмыстық кодекстің 46-бабы 5-бөлігі 1-тармағына сәйкес қылмыстық атқару жүйесі барынша төмен мекемеде өтеу белгіленсін. Бұлтартпау шарасы ретінде қолданылған үй қамақ бұзылсын. Сот залынан қамауға алынсын»,— деді Ақтау қалалық сотының судьясы Ақмарал Хасенова.
Қайғылы оқиға былтыр 21 қазанда облыс орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде болды. Әйел пәтеріндегі қандаладан құтылмақ болып у шашқан. Алайда, удың иісі желдеткіш жүйесі арқылы тоғызыншы қабаттағы пәтерге жетіп, бүтін бір отбасы зардап шеккен еді. Артынша көршінің 10 айлық және 2 жасар баласы көз жұмды. Мамандар дезинсекция жасалған пәтер ішінен 39 таблетка тауып алды. Сондай-ақ, үйдегі ауа құрамында зиянды заттардың шамадан тыс көп болғандығын анықтады.