CaspianLife, 16 қаңтар — 19 қаңтарда православ христиандары «Крещение господне» немесе шоқыну мерекесін тойлайды. Осыған орай облыста суға түсуге арналған 7 орын дайындалып жатыр. Бұл туралы жергілікті Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі айтты. Арнайы орынның үшеуі Атырау қаласындағы «Орал» мейрамханасының, «Тұрғындар қалашығы» ықшам ауданындағы жағажай тұсында және Мечников-Баймұханов көпірінің маңында болса, біреуі Құлсарыда, қалған үшеуі Махамбет, Құрманғазы және Индер аудандарында дайындалуда. Мереке күні суға түскен адамдардың қауіпсіздігін құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметкерлері қамтамасыз етпек.
Атырау облыстық ТЖД басшысының орынбасары Руслан Исмағұлов:
-Көбінесе ол жерге дайын болатын адам және өзінің денсаулығына күмәні болмаған адамдарға келуге болады. Келетін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін негізгі іс-шаралар бағытталған. Бірақ, қазіргі таңда балалар, жасөспірімдердің қауіпсіздігі ата-анасына байланысты. Ата-анасымен бірге келсе, олардың да шомылуын қамтамасыз етеміз, -деді.
Қазіргі таңда өзен бетіндегі мұздың қалыңдығы 20 см-ден асады. Алайда, кей жерлердің қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан, суға түскен кезде бір жерге шоғырланбаған жөн дейді, — құтқарушылар. Ал дәрігерлер суық суға жарты минуттай шомылса жеткілікті дейді. Дегенмен алдын ала дайындық керек екендігін ескертеді. Себебі дене тез мұздап, ағза жылуды қалпына келтіре алмайды. Ал су ішінде денедегі жылуды сақтау үшін шомылар алдында денені майлы креммен сылау керек немесе 1 ас қасық балық майын ішкен жөн. Өкпе, жүрек ауруына шалдыққан, қан қысымы жоғары адамдар үшін бұл күні суға түсу қауіп. Еске салайық, шоқыну — христиан дініндегі ең басты деген 12 мерекенің бірі. Евангелие бойынша бұл күні Иоанн уағызшы Иисус Христосты Иордан өзенінде шоқындырған.