CaspianLife, 27 желтоқсан — Атырау мұнай өңдеу зауыты жыл қорытындысын жасады. Кәсіпорын берген мәлімет бойынша, биыл зауыт 154,7 млрд теңге көлемінде салық төлейді екен. Оның ішінде Атырау қаласының бюджетіне 131,9 млрд теңге түспек. Бұл өткен жылмен слыстырғанда 1,5 есеге артық. «АМӨЗ» ЖШС-нің төлемдері Атырау қаласы бюджетінің 1/3 бөлігін құрайды.
Салықтық түсімнің көбеюі зауыттың технологиялық қондырғыларының – каталитикалық крекинг пен баяу кокстеу қуатының артуына байланысты. Бұл өз кезегінде мұнай өңдеу тереңдігін арттырады.
Айта кетейік, іске қосылғаннан бері алғаш рет каталитикалық крекинг қондырғысының жобалық қуаты 300 тонна/сағ-қа жетіп орнатылып, мұнай өңдеу тереңдігі 86% болған.
2023 жылдың желтоқсан айында мұнай-химия өнеркәсібінің шикізаты параксилол өндірісі қайта жанданды.
Жоғарыдағы мәліметтерге сүйенсек, «АМӨЗ» ЖШС-нің 2023 жылға арналған өндірістік көрсеткіштері келесідей және бұл кәсіпорынның бүкіл тарихындағы рекордтық көрсеткіш болмақ:
• Мұнай өңдеу – 5,475 млн тонна (2022 – 5,224 млн тонна)
• Мұнай өңдеу тереңдігі – 82% (2022 ж. – 75,7%)
• Ашық түсті мұнай өнімдерінің үлесі – 66,7% (2022 ж. – 58,8%)
• Автобензин өндірісі – 1,680 млн тонна (2022 – 1,262 млн тонна)
• Дизельдік отын өндірісі – 1,6 млн. тонна (2022 ж. – 1,469 млн. тонна)
• Сұйытылған мұнай газын (СМГ) өндіру – 192 мың тонна (2022 ж. – 126 мың тонна).