CaspianLife, 14 қараша — 1 желтоқсан мен 1 наурыз аралығында қазақстандық жүргізушілер қысқы дөңгелекпен жүруге міндетті. Бұл туралы Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек хабарлады.
Оның айтуынша, бұл техникалық регламентте талап етіледі және ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігі бойынша қаралады. Қыста жүргізуші жазғы дөңгелекпен ұсталса, полиция қызметкерлері айыппұл салуға құқылы.
Мұндай бұзушылық үшін ең төменгі айыппұл мөлшері 5 АЕК, егер бір жыл ішінде жүргізуші тағы да осындай құқық бұзушылықты жасаса, айыппұл 10 АЕК-ке дейін өспек.
⠀
«Қыс жақындап қалды, сондықтан 1 желтоқсаннан 1 наурызға дейін біздің барлық көліктеріміз қысқы дөңгелектерге көшуі керек. Қауіпсіздік талабы осындай. Өйткені үлкен мегаполисте бірінші жауын-шашын басталған бойда хаос басталады. Бұл негізінен жүргізушілердің қысқа дайын болмауынан болып отыр», — дейді ол.