Caspian Life, 5 қараша. Атырау облысында өнер мектебі бір фортепианоны 1,5 млн теңгеден сатып алмақ болған. Музыкалық аспаптың орташа бағасы бұдан 2,3 есеге арзан. Бұл туралы Kazinform хабарлайды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, бұл деректі волонтерлер анықтаған.
– Махамбет аудандың білім бөліміне қарасты З.Ещанова атындағы балалар өнер мектебі фортепианоның бір данасын 1 млн 510 мың 400 теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Осылайша 10 музыкалық аспап үшін жалпы сомасы 15 млн 104 мың теңге қарастырылған, — деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлер тобы музыкалық аспаптың орташа бағасына мониторинг жүргізді.
Мониторинг барысында жоспарда көрсетілген тауардың орташа бағасы 651 мың 544 теңге екені анықталып отыр.
– Еріктілер араласқаннан кейін тауардың бағасы өзгертіліп, 870 мың теңге болып белгіленді. Осылайша еріктілер музыкалық аспаптың бағасынан 6 млн 404 мың теңге көлеміндегі бюджет қаражатының үнемделуіне ықпал етті, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында аудандық әкімдік көшетті үш
есе қымбатқа сатып алмақ болғанын хабарлаған едік.
Мақат ауданы әкімінің аппараты көшет сатып алу бағасын үш есеге көтерген.
Әр түп көшетті 15 мың теңгеден сатып алуды жоспарлаған. Көшеттің нарықтағы бағасы – 5 мың теңге.
Ал, аудандық әкімдік бұл мақсатқа 1,5 млн теңге бөлген.