Caspian Life, 28 қазан. Атырау облысында жыл басынан бері 753 адамға көлік жүргізу куәлігінен айыру жазасы тағайындалды.
Атырау облыстық соты Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Тәтті Уәлиеваның айтуынша, жүргізушілерге мұндай жазаны тағайындаудың бірнеше себебі бар.
– Біріншіден, жүргізушілер көлік құралын алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде жүргізгені анықталып отыр. Екіншіден көлікті осындай күйдегі адамдардың жүргізуіне жол берілген. Биыл 527 адамның тарапынан ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабында көзделген талапты бұзу дерегі тіркеліп отыр. Үшіншіден, 596-бабына сәйкес көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзған 108 адам да жүргізуші куәлігінен айырылды, — деді Тәтті Уәлиева.
Оның мәліметіне сүйенсек, 85 жүргізуші аталған кодекстің 590, 610, 611 және 613-бабымен, 33 адам ҚР Қылмыстық кодекстің 345-бабымен кінәлі деп танылған.
Еске сала кетелік, Атырауда бір айда айыппұлын төлемей жүрген 1 мың жүргізуші ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.
Кейін Атырау облысында 15 қойды көлік басып кеткенін жазған едік.
Сондай-ақ, Атырауда 32 жастағы жүргізуші қаққан 3 адамның 2-еуі ауруханаға жатқызылған еді.
Жолда жүру ережесін бұзған зейнеткер жүргізушіге 483 мың теңге айыппұл салынды.