Caspian Life, 14 қазан. Үш күндік жұмыс сапарының соңғы күні Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласының тұрғындарымен кездесті. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабалайды.
Жаңаөзенде тұрғын үй қорының тозығы жеткен. Қазір мұнда 262 көпқабатты үй бар, оның 232-сі 1960-1980 жылдар аралығында салынған.
Оның екеуі апатты деп жарияланған, 52 үй күрделі жөндеуге мұқтаж.
Жаңаөзендіктерді толғандыратын тағы бір мәселе – су тапшылығы. Оны шешу үшін 2025 жылға дейін қуаты тәулігіне 50 мың текше метр теңіз суын тұщыту зауытын іске қосу жоспарланған.
Халықпен алты сағаттық кездесуде тұрғындар түрлі сұрақ қойды.
Кейбірі үй алуға жәрдемдесу, сондай-ақ мұнай-газ саласына жұмысқа тұрғызу жөнінде өтініш жасады.
— Мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуға келсек, келісілген алгоритмнің талаптарын сақтамай, барлығын, тіпті кезексіз ұйымдастырудың мүмкін еместігі туралы бірнеше рет айттым. Біз әрқашан ашық диалог құруға дайынбыз. Алайда осы тұста менің атап өткім келетін мәселе – тек мұнай өнеркәсібінде ғана емес, басқа салаларда да қызмет атқару мүмкіншіліктерін қарау керек. Мәселен, тұрғындар дәрігер тапшылығы туралы айтады, осы мәселені шешу үшін мемлекет көп грант бөліп тегін білім беруде. Сондай-ақ, бизнеспен айналысамын дейтін жандарға мемлекеттік қолдау шараларына кепілдік береміз. Сонымен қатар, болашақта жасыл энергетика, ауыл шаруашылығын дамыту және басқа да көптеген жаңа салаларда мүмкіндіктер өте көп, — деді Маңғыстау облысының әкімі.