Caspian Life, 12 қазан. Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, қала әкімінің қаулысына сәйкес әлеуметтік нысандар 13 қазаннан бастап жылу жүйесіне қосылады.
Ал өзгелерге, мәселен, қала тұрғындарына күтуге тура келеді. Шағын аудандардың тұрғын үй қоры мен басқа да нысандарды жылу жүйесіне қосу кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Бұл жұмыстар 15 қазанда басталады. Қалада осы мақсаттағы жөндеу жұмыстары кей шағын аудандарда әлі де жалғасуда. Мәселен, «Каспий жылу, су арнасы» МКК 26ш/а мен 27 ш/а арасындағы жылу желілеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Осыған байланысты аталған аудандарға кей тұрғын үйлерге ыстық су уақытша шектелді.
Жөндеу жұмыстарына байланысты 27 ш/а №21, №21а, №23, №25, №26, №27, №28, №79, №80 тұрғын-үй және 26 ш/а №26, 27, 28, 29, 31, 32, 35, 36 тұрғын үйлерде ыстық су уақытша шектелді. Мамандардың айтуынша, аталған жұмыстар 13 қазанға дейін аяқталады. — Гидравликалық сынақтар өткізу кезінде 26 мен 27 шағын аудан арасындағы жылу желілерінде ақау анықталды. Сондай-ақ жылу желілерінде жүргізілетін барлық жөндеу жұмыстарын осы аптаның соңына дейін жоюды жоспарлап отырмыз. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз,- деді «Каспий жылу, су арнасы» МКК басшысының орынбасары Ислям Үсенов.