CaspianLife, 21 қыркүйек — Атырау облысы жылыту маусымына 87% әзір. Оның ішінде медициналық нысандардың 96, тұрғын үйлердің 93 пайызында дайындық жұмысы аяқталған, деп хабарлайды CaspianLife.
Атырау облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков қоғамдық кеңес отырысында қысқа дайындық туралы есеп берді. Оның айтуынша, биыл жылыту маусымына 5,7 млрд теңге бөлінген. Кенжебеков облыстағы электр желілерінің 40 пайызының тозғанын да мәлімдеді. Бұл мәселені шешу үшін 2024-2025 жылдары инвестициялық бағдарлама аясында 4 қосалқы станса мен 102 шақырымнан астам әуе желісі жаңартылмақ. Одан бөлек, аудандардағы 5200 бағана да әбден ескірген.
Оларды ауыстыруға конкурс жұмыстарына 100 млн теңге бөлінді. 5 ауданда конкурс жарияланды. Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай, Жылыой аудандарында мердігерлер анықталып, жөндеу жұмыстары басталуда. Махамбет ауданында және қала аумағындағы 1409 бағананы ауыстыруға 463 млн теңге бөлініп, конкурс жұмыстары жүргізілуде, — деді Атырау облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Айдулат Кенжебеков.
Шенеуніктің сөзіне сенсек, 2030 жылға дейін облыста электр қуатының тапшылығы 200 мегаваттқа дейін жетуі мүмкін. Жауаптылар бұл мәселені инвесторлардың көмегімен шешуді жоспарлап отыр. Ал, «Атырау жылу желілері» АҚ-на тиесілі 426 шақырымнан асатын жылу құбырының 70 пайызы тозған. Бұл көрсеткішті азайту үшін қазір16 шақырым желі ауыстырылып жатыр. Қысқа дайындық жұмыстары аудандарда ақсап тұр. Әсіресе, мектептерге сұйық және қатты отын жеткізу, сонымен бірге қосалқы генератор алу секілді жұмыс әлі толық бітпеген.
Одан бөлек, қоғамдық кеңес өкілдері халықтың суды өшіруге қатысты наразылығын жеткізді. Белсенді Нұрайнаш Камалованың айтуынша, «Атырау облысы су арнасы» жөндеу жұмыстарын жыл сайын сабақ басталған кезде жасайды. Сондықтан, атыраулықтарға қолайсыздық туғызбас үшін құбырларды жөндеуді қыркүйекке дейін аяқтау мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.