CaspianLife, 13 қыркүйек — Атырау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру шаралары барысында қала аумағында синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар деген күдікпен Батыс Қазақстан облысының 29 жастағы тұрғынын ұстады, деп хабарлайды CaspianLife.
Тінту кезінде күдіктіден ақ түсті ұнтақты зат салынған 50 орама тәркіленді, ал тұрғылықты жерін тексеру кезінде 3 дана ақ түсті ұнтақты зат салынған зип-пакет табылды. Тексеру барысында күдіктінің Атырау қаласына жұмысқа орналасу үшін тамыз айында келгені анықталған.
Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттардың жалпы салмағы 447,89 грамм және 1500 доза синтетикалық есірткі заттары екенін анықталды. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынып, оған «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Басқа мәлімет Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.