CaspianLife, 6 қыркүйек — Каспий теңізінің тайыздануына байланысты Ақтау мен Құрық порттары шектелді. Енді онымен күресу үшін 40 млрд теңге қажет, деп хабарлайды CaspianLife.
Қазгидрометтің болжамы бойынша, 2030 жылға дейін Каспий теңізінің деңгейі жылына 23 см-ге төмендейді.
Ақтау және Құрық порттарында акваториядағы тереңдікте және жақындау арнасында қиындықтар туындай бастаған. Осыған байланысты кеме қатынасы қауіпсіз болуы үшін жедел тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет.
«Алдын ала есептеулерге сүйенсек, тереңдету жұмыстарының құны 40,4 млрд теңгені құрайды. Жобалық құжаттама дайындалғаннан кейін нақтылау қажет. Жобаны іске асыру мерзімі 2023-2025 жылдарға жоспарланған. Қазір қаржыландыру көзі мен механизмі анықталуда», — деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Порт жағалауының қазіргі тереңдігі орташа есеппен 4,9 метр болса, стандартты навигация деңгейі 6,11 метр. Бұл кемелерді 75 пайызға ғана тиеуге мүмкіндік береді. Аталған жұмыстар аяқталғаннан кейін кемелер толығымен тиеледі. Бұл қазақстандық порттар арқылы жүк айналымын 25-30 пайызға арттыруға мүмкіндік береді.