CaspianLife, 25 тамыз — Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен «Мектепке жол» жәрмеңкесі басталды, деп хабарлайды CaspianLife.
Жәрмеңкеде оқушылардың оқу құралдары, мектеп формасы секілді тауарларды қала тұрғындары 30-50 пайыз жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндіктері бар.
Биыл облыс бойынша бірінші сыныпқа қабылданған оқушылардың саны 16250, соның ішінде қала бойынша 9800 оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Оларды толық оқу құралдарымен қамтамасыз етуде мұндай шаралардың маңызы зор. Жәрмеңкеге 20-дан астам кәсіпкер қатысуда. «Қала тұрғындарына мектеп құралының қолжетімді болғанын қалаймыз, себебі бір үйде бір бала емес, 2-3 баладан мектепке дайындалатындары бар. Соларға тиімді жағдай жасағымыз келеді» дейді сатушылар.
«Өз үлесімізді қосып жатырмыз. Былай сатылып тұрған бағасынан 20-30, кейбіреулері 80 пайыз скидкамен болып жатыр.Сумка бар бізде, сосын аяқ киім, детский, школьный аяқ киімдер бар. Сумкалардың бағасы 3 мың теңгеден жоғары, аяқ киім 4 мың теңгеден жоғары. Сумкалардың ең қымбаты 6 мың теңге, олар ана жақта 10 мың теңгеден сатылып жатыр. 50 пайыз скидкамен бұл жерде, жәрмеңкеге өз үлесімізді қосып жатырмыз»,- дейді сатушы Нұржан Жақаншаев.
Аталмыш жәрмеңке «Дина» сауда орталығында 25-29 тамыз аралығында, ал «Насиха» сауда үйінде 25-26 тамызда өтеді.