CaspianLife, 18 тамыз — Ақтаудағы «жартасты соқпақ» жолы уақытша жабылды. Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер әлеуметтік желіде тарап кеткен жазбалардан соң осындай шешімге келген, деп хабарлайды CaspianLife.
Ғаламтордағы фото-бейнежазбалардан жарқабақтан құлағалы тұрған үлкен тасты көруге болады. Алайда, соған қарамастан үңгір үстінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тұрғындар бұл адамдардың өміріне қауіп төндіреді деп, алаңдаулы. Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілердің сөзіне сүйенсек, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Жартасты соқпақ» жолын жабуға мердігердің өзі бастамашы болған. Сондай-ақ, үңгірдің үстіне 22 қабатты 2 үй салуды жауапты органдар мақұлдапты. «Бәрі заңға сай» дейді олар. Жергілікті әкімдік өкілдері рұқсат беру процедурасы 5 жыл бұрын жасалғанын айтады. Ол кезде облыс әкімі Ералы Тоғжанов болған. Міне сол уақытта шетелдік инвесторлармен келісімге келу туралы шешім қабылданған. Әкімдіктегілер шетелдік инвесторлардың сөзіне сүйене отырып, құрылыс жұмыстары үңгірдің сыртқы көрінісіне еш әсер етпейді деп отыр. Сондай-ақ, қауіп-қатердің алдын алу мақсатында табиғи нысанда зерттеу жұмыстары жиі жүргізіледі екен. Ал тұрғындар мұндай жауапқа қанағаттанбайтынын және салынған тыйымның көңілге күдік ұялатынын айтады.
Фото: proAktau.com