CaspianLife, 18 тамыз — Жаңа оқу жылынан бастап студенттердің шәкіртақысы өседі. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Үкіметтің тиісті қаулысына қол қойды, деп хабарлайды CaspianLife.
Нақтырақ айтқанда, енді докторанттарға, оның ішінде денсаулық сақтау саласына ден қойғандарға – 217 500 теңге, осы бағыт бойынша резидент-дәрігерлерге және магистранттарға – 111 500 теңге, магистранттарға – 97 мың теңге, интерндерге 76 мың теңгеге жуық шәкіртақы төленбек. Ал техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқитындарға төленетін қаржының көлемі 32 мың теңгеден асты. Қаулы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енеді. Тағы бір жағымды жаңалық. Үкімет колледждер мен жоғары оқу орындарында оқитын студенттердің кейбіріне жатақханаға төлейтін шығындарын жабу үшін арнайы ақша бөледі. Яғни, үкімет белгілі бір санатқа жататын студенттердің жатақхана шығындарын өтеуге көмектеспек. Жалпы мұндай шешім «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмек беру қағидаларына» өзгерістер мен толықтырулар енгізудің нәтижесінде қабылданып отыр.