CaspianLife, 17 тамыз — «Нұрсая» ықшам ауданында салынып жатқан «Елорда Резиденс» тұрғын үй кешенінің құрылысы жалғасады. 2020 жылы басталған жұмысты аяқтауға «Қазақстан Тұрғын Үй Компаниясы» АҚ 2,6 миллиард теңге қаржы бөлді, деп хабарлайды CaspianLife.
Бұл мекеме алғашында осы тұрғын үй кешенін салып жатқан компанияға кепіл болуға келісіп, шарт жасасқан. Жалпы көпқабатты үйлер өткен жылдың наурыз айында халық игілігіне тапсырылуы керек еді. Алайда, құрылыс метариалдары қымбаттап, тұрғын үй кешенін салып жатқан компанияның қаржысы жетпей қалған.
Олжас ЖОЛДАСБАЕВ, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары
Нысанды 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей пайдалануға беру керек еді. Заңға сәйкес біз құрылыс мерзімін ұзартуды мақұлдадық. Соған қарамастан, нысандағы құрылыс жұмыстары аяқталмаған. Және нысан пайдалануға берілуге дайын болмай шықты. Сондықтан тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу заңына сәйкес бірыңғай оператор ағымдағы жылдың 22 маусымында осы нысан бойынша кепілдік жағдайдың басталғанын жариялады. Қазіргі кезде біз үлескерлер алдындағы міндеттемелерді орындау мақсатында құрылысты аяқтауды тездетіп отырмыз.
Қазіргі уақытта осы үйге ақша салған 66 үлескер пәтерлерін күтіп жүр. Үйлер кезең-кезеңімен пайдалануға берілмек. 9 қабаттан тұратын 4 үйдің екеуінің құрылысы биыл жыл соңына дейін аяқталады. Ал қалған 2 үй келер жылдың бірінші жартыжылдығында иелеріне тапсырылады.