CaspianLife, 16 тамыз — «Теңізшевройл»компаниясына 2,8 миллиард теңге айыппұл салынды. Мұндай шешімді Жылыой аудандық соты шығарды. Облыстық экология департаментіндегілердің айтуынша, компаниямен жұмыс істейтін 10-нан астам мердігер мекеме заңға қайшы әрекеттерге барған, деп хабарлайды CaspianLife.
Мысалы, атмосфераға күкіртсутегі, азотдиоксиді, көміртегі оксиді сияқты сынды шығарындыларды рұқсат етілген мөлшерден көп жіберген.
Абзал ТЕМІРОВ, Атырау облыстық экология департаменті басшысының м.а.
«Мердігер компанияларға тиесілі объектінің ішінде орналасқан стационарлық көздер бар. Сол стационарлық көздерде шығарындылардың нормативтері асқан. Жалпы алғанда 425 тонна асу фактілері орын алған. 5 тоннадан рұқсат алынбай шығарындылар жүзеге асырғаны белгілі болды. ТШОның объектісінде резевуар паркі бар. Сол резевруар паркінде жердің ластану фактілері орын алған мұнаймен».
Биыл ақпан айында экология департаментіне Атырау облысы бойынша мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасынан заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс түскен. Осыған сәйкес департамент «Теңізшевройл» компаниясына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер ету нормативтерін бұзу және жердi бүлдiру баптары бойынша 8 әкімшілік хаттама толтырып, Жылыой аудандық сотына жолдаған. Экологтардың айтуынша, заңбұзушылықтар «Теңізшевройл» компаниясының аумағынан анықталғандықтан, жауапкершілік – компанияның мойнында. «Теңізшевройл» ЖШС бұл тақырыпқа қатысты ресми түнісіктеме берді. Олардың айтуынша, өндіріс кезінде шыққан шығарындылардың мөлшері қойылған шектен аспаған.