caspian.life, 14 тамыз — 12 тамыз –халықаралық жастар күніне орай Атырауда ауқымды фестиваль өтті. Сенбі күнгі іс-шара аясында елімізге танымал мобилограф Қыран Талапбек атыраулық жастарға дәріс оқыды. 50 мыңға жуық қазақстандыққа сапалы видео түсіруді үйреткен ол бұл жолы видеоны сату жолы яғни, маркетинг туралы айтты, деп хабарлайды Caspianlife.
Мобилография курсы облыстық әкімдік алдындағы түрлі іс-шарамен жалғасты. Түстен кейін бұл жерде нағыз мейрам басталды. Жастар арасында қазақша әндерді насихаттауға бағытталған Ulttyq Karaoke ұйымдастырылды. Оған әлеуметтік желі арқылы іріктелген 20-ға жуық өнерпаз қатысты. Олар алғашқы айналымда кез келген қазақша әнді орындаса, финалда Шәмші Қалдаяқовтың әндерін шырқады.
Атыраулықтар халықаралық жастар күнін алғаш рет кең көлемде атап өтті. Тамыздың 7-де басталған апталық аясында түрлі ойын, байқау ұйымдастырылды. Атырау Жастар Фест іс-шарасына жалғасқан апталық мерекелік концертпен аяқталды.