CaspianLife, 10 тамыз — Ақтауда Qazaqsha quiz интеллектуалды ойынының облыстық кезеңі өтті, деп хабарлайды CaspianLife.
Оған аудандық және қалалық іріктеу кезеңінен сүрінбей, үздік үштіктің қатарында болған 21 команда қатысып, 6 кезеңде өз білімдері мен логикалық қабілеттерін сынап көрді. Интеллектуалды ойында бақ сынаған 105 жастың арасында түрлі саланың мамандары, әсіресе ауыл жастары көп болды.
«Менің командам ұстаздар командасы болғандықтан, әр саланың ұстаздары бар. Тарих, география және қазақ әдебиеті бар. Бұл жерде дайындалатын логикалық сұрақтар. Ондай қатты дайындалған жоқпыз. Өзіміздің ойымызға, білімімізге сенеміз. Бұл жерде ең қиын сұрақтар кино саласынан. Қалғандары Маңғыстау тарихы бізге таныс сұрақтар» — деді қатысушы Алмаз Досшаев.
Өңір жастарының интеллектуалды қабілеті сыналған байқау
барысында Маңғыстау өңірінің тарихы мен табиғаты, маңғаз мекеннің ерекшеліктері туралы логикалық сауалдар ұмыт қалмады. Соңғы жылдары қоғамда жоғары сұранысқа ие білім жарыстарын ұйымдастыруға облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы мұрындық болған. Жалпы биыл басқарма тапсырысымен жыл басынан бері 7 әлеуметтік жоба жүзеге асып жатыр.
«Негізгі мақсат – жастардың зияткер ортасын қалыптастыру. Осы уақытқа дейін аудандық және қалалық деңгейде зияткерлік ойындарының іріктеу кезеңдері өтті. Жұмысшы жастар да, ауыл жастары да, волонтерлар да, жастар ұйымының жетекшілері де, жалпы қарапайым«Qazaqsha quiz» ойынына тіркелген жастар қатысып жатыр» — деді Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мұқаш Оралбай.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев те қатысып, жастардың таным-көзқарас көкжиегін кеңейтетін іс-шара легі, қолдаудың басқа да түрі жалғаса беретінін айтты.
«Біздің ең басты мәселеміз – адами капиталды дамыту. Соған сәйкес облысымызда әртүрлі шаралар, соның ішінде кәсіпкерлікті дамытуды алатын болсақ осы жылы мәслихаттың қолдауымен 25 миллионнан 250 миллионға дейін қолдау тапты. Оған 53 кәсіпкер өз кәсібін бастайды. Одан бөлек жастарға арнайы 2,5 пайызбен 5 миллионға дейін шағын несие беріліп жатыр. 163 жасқа сондай қолдау бар» — деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев.
Qazaqsha quiz ойынының облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша 1 орынды Бейнеу ауданынан келген «Бейнеу ауданының әкімдігі» командасы иеленсе, 2 орынды Жаңаөзен қаласының «ӨзенМұнайГаз» құрамасы алды. Ал, 3 орын Ақтау қаласының «Ауылдың үлкендері» командасына берілді.