CaspianLife, 10 тамыз — «Алмагүл» ықшам ауданындағы жалғыз мемлекеттік балабақшаға барып жүрген кішкентайлар енді «Вокзал маңы» ауданындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленбек, деп хабарлайды CaspianLife.
Себебі тиісті орындар «балабақша ғимараты адам өміріне қауіпті» деген қорытынды шығарыпты. Қыркүйек жақындаған тұстағы бұл жаңалық ата-аналардың наразылығын тудырды.
«Бұл садиктер біздің үйден алыс. Біріншіден, ертең жаңбырлы күні, қысты күні балаларды қалай тасымалдаймын? Автобустар жүрмейді. Баламды барып жүрген садигінен қозғамас едім. Неге техникалық ақауы бар ғимаратқа индигодан неге жолдама беріледі? Маған вокзал алыс. Маған автобус жүретін жерге бару керек. Неге ала жаздай бұл садикті басынан бастап бұл мәселені қозғамайды?Неге көктемнен бастап экспертиза шақырып, мәселесі шешілмейді?» — деді Атырау қаласының тұрғыны Алма Кенжебаева.
Тағы бір мәселе мұнда жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге қатысты. 80-ге жуық адам бір айдан кейін жұмыссыздардың қатарына қосылуы мүмкін. Және тамыз айының жалақысы толығымен төленбей ме деген қорқыныш та бар. Және өздеріне тұрақты жұмыс тауып беруді сұрайды.
«Бізге 1 ай бұрын ескертілуі керек. Бізге тек 2 августтер беріліп отыр. Екіншіден, неге біз 10-ына дейін жұмыс жасап, 50 процент оклад алуымыз керек? Білесіздер, тәрбиешілердікі өте азғантай.150 мың алатын мен 75 мың аламын ба?! Сонда менің кредитімді кім төлейді.Инвалид балам бар. кап ремонтқа кеткен жағдайда штатымызды сохранить етуді талап етіп отырмыз. Әрқайсымызға жұмыс тауып беруді талап етіп отырмыз. Бізде орналастырсын. Себебі, жалғыз мен емес, күтушілер бар, техничкалар бар. Бәрімізде кредит бар» — деді тәрбиеші Гүлмира Балканова.
Қалалық білім бөліміндегілер балабақшаға тамыз айында қабылданған балаларға қатысты жағдайды былай түсіндірді. Экспертиза қорытындысы шілде айының соңында шыққан. Яғни, бос орындар жарияланған кезде балабақшаның жағдайына ресми баға берілмеген. Енді жаңадан қабылданғандар да, бұрыннан келіп жүрген тәрбиеленушілерге «Вокзал маңы» ықшам ауданындағы 5 балабақшадан орын қарастырылады.
«277 баланың 123-і балапанды таңдап отыр. Біз Балапанның үстіндегі қуаттылықтың үстіне 50 бала отырғыза алатын мүмкіндігіміз бар. Қазіргі балабақшаның арақашықтығы бірдей. Біздер «Авангардтан», «Берекеден» орын беріп жатса, айтатын еді бара алмаймын деп. Қазіргі таңда анализ жасап отырмын 46 садикте 2 ставкамен жүрген тәрбиешілер бар. Әріптестерді жұмысқа орналастыру бойынша еңбек инспекциясымен бірге отырып, жеке меншік балабақшалар бар ол жерде де кадр тапшылығы бар» — деді Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова.
Қалалық білім бөлімі балабақша қызметкерлерін далаға қалдырмауға тырысамыз деп отыр. Жалпы 2-5 жас аралығындағы 277 орындық балабақша жұмысын тамыз айының екісі күні тоқтатқан. Пайдалануға берілгеніне 9-жылдан енді асқан ғимараттың тағдырын әкімдіктегілер шешетін болады.
Балабақша ғимаратының қазіргі жағдайы осындай. Қабырғаларында жарықтар пайда болып, құлайын деп тұр.Осылай тіреуішпен тіреп қойған. Білім беру ұйымына күрделі жөндеу жасала ма әлде бұзыла ма әзірге белгісіз.