CaspianLife, 7 тамыз — Атырауда ерекше балаларды дамытумен айналысатын қоғамдық бірлестік арнайы орталық ашты, деп хабарлайды CaspianLife.
Мұндағы мамандар сал ауруына шалдыққан бүлдіршіндердің физикалық және интелектуалдық жағынан дамуына көмектеседі. «Балалар – елдің болашағы» деп аталатын ҚБ мүмкіндігі шектеулі кішкентайлармен 5 жылдан бері жұмыс істеп келеді.
«Осы орталықтың басшыларына алғысым шексіз. Балам мамандарды қатты ұнатады. Ол мында қуана келеді. Өзімнің қызым атоникалық-астатикалық түріне шалдыққан. Осында мамыр айынан бері келеміз. Нәтиже жаман емес. Қазір өздігінен жүріп-тұрады» — деді ата-ана Айнагүл Әубәкірова.
Орталық қызметкерлері ерекше балаларды дамыту үшін өздері ойлап тапқан авторлық әдіс-тәсілді қолданады. Мекеменің негізін қалаушылардың бірі Лаура Құрманаева әдістемелік-көмекші құралды жазу үшін сал ауруына шалдыққан балаларды 6 жыл бойы бақылапты.
«Еш жерде сал ауруына шалдыққан балалармен қалай жұмыс істеу керектігін үйретпейді. Біз оны зерттеп, өз әдісімізді қалыптастырдық. Оның арқасында мамандар жұмыс барысында қателеспей, қалай әрекет ету керектігін біледі. Сол себепті сал ауруына шалдыққан балаларды аутист балалармен шатастырмай, бөлек жұмыс жасау үшін осындай орталық аштық» — деді «Балалар – елдің болашағы» орталығының маманы Лаура Құрманбаева.
Орталыққа осыған дейін 100-ден астам ерекше бала келсе, оның 40-қа жуығы сал ауруына шалдыққан. Араларында жақсы нәтижеге қол жеткізгендер де бар дейді мамандар.