CaspianLife, 24 шілде — 17-19 шілде аралығында Құрманғазы ауданында “Түнгі қаладағы балалар” жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды CaspianLife.
Оған 40-қа жуық полицей, білім беру, денсаулық сақтау, жергілікті атқарушы орган және жастар ұйымынан 10-ға жуық адам атсалысты. Рейд кезінде көшеде бейуақытта жүрген жасөспірімдер аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, іле-шала ата-аналары да шақыртылды. Полицейлер оларға заңдылықты түсіндіріп, іс-шара туралы айтты. Және есепте бұрыннан тұрған балалар да қайта тексерілді.
«Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің есебінде тұрған қолайсыз отбасылардың мекен-жайлары тексеріліп, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізілді.Түнгі сағат 23:00 ден таңғы 06:00 ге дейін кәмелет жасқа толмаған жасөспірім заңды өкілінің еріп жүруінсіз жүргені үшін, профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, әкімшілік хаттама жасақталды» — деді Құрманғазы аудандық ПБ ЖПҚ учаскелік инспекторы Карима Ниязова.
Іс-шара кезінде барлығы 32 әкімшілік хаттама толтырылды. Атап айтқанда кәмелетке толмаған баласын көшеге түнде жіберген және жасөспірімді бағып-қағуға қатысты міндетті орындамаған 30 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал бір бала ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жазаланды. «Түнгі қаладағы балалар» деп аталатын іс-шараның басты мақсаты — жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын қылмыстың алдын-алу, олардың құқығын қорғау саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау, балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру екендігін айта кетейік.
Фото: Егемен Қазақстан