CaspianLife, 11 шілде — Атырау облыстық балалар ауруханасының бірнеше пациентіне Түркиядан келген дәрігер күрделі ота жасады, деп хабаралайды CaspianLife.
Балалар хирург-ортопеды, медицина ғылымдарының докторы Шенол Бекмез атыраулық мамандарға теориялық және тәжірибелік тұрғыдан шеберлік сағатын өткізді.
«Мен мұнда Атырау облыстық балалар ауруханасы басшылығының шақыртуымен келдім. Келгендегі басты мақсатым- шеберлік сағатын өткізіп, білгенімді тәжірибе жүзінде көрсетіп, тәжірибе алмасу. Кеше ота 14 жастағы қызға жасалды. Өте сәтті өтті деп ойлаймын. Кішкентай пациентіміздің жағдайы жақсарып кетеді деген үміттеміз» — деді хирург-ортопед Шенол Бекмез.
Ауруына ем іздеп, қажет болса шетел асып жүрген жергілікті тұрғындар іздегендерінің жақыннан табылғанына аса қуанышты. Солардың бірі — Ақбаян Сәрсенбаева. 14 жастағы қызына осыған дейін 3 рет ота жасатқан. Алайда нәтиже болмапты.
«Қызыма туылғаннан «рожденный вывих» диагнозы қойылған. 5 айынан бастап дәрігерлерге қаратып келе жатырмын. Ташкент, Алматыға апардым. Осы отаны қосқанда қызымның 4-ші отасы жасалып отыр. «Стамбулдан дәрігерлер келді»- деп дәрігерлер маған хабарласқан болатын. Келіп, келісімді беріп, ота жасаттым. Аллаға шүкір ота сәтті өтті. Баламен сөйлестім. Жағдайы жақсы» — деді Атырау қаласының тұрғыны Ақбаян Сәрсенбаева.
Балаларға ота жасауды аяқтаған соң шетелдік маман ауруханада жатқан өзге де науқастармен жүздесіп, кеңес бермек. Ал аурухана басшылығы жылына 3-4 рет сырттан маман шақырып, дәрігерлердің біліктілігін арттыра түсуді мақсат етіп отыр.