CaspianLife, 5 шілде — «Сарайшық» коммуналдық базарындағы сатушылар жарықтың жиі сөніп қалуы себепті шығынға батып жатыр. Әсіресе, ет, балық пен сүт өнімдерін сататындардың жағдайы нашар, деп хабарлайды Caspian Life Caspian News телеарнасына сілтеме жасап.
«Бұл мәселе жыл сайын қайталана береді. Оны шешіп жатқан ешкім жоқ. Бір тоңазытқышқа 15 мың теңге төлеймін. Арнайы есептегіш құралы да жоқ. Адам басына 15 мың теңгеден алады. Ал, тауарларымыз шіріп, қарайып кетіп жатыр», — дейді сатушылар.
Балық өнімдері сатылатын бөлімдегі салқындатқыш 4 жылдан бері жасамай тұр дейді сатушылар. Олар амалдың жоқтығынан өнімді тоңазытқышта сақтауға мәжбүр. Базар әкімшілігіндегілер балық өнімдері сатылатын бөлімдегі салқындатқыштың жұмысына қатысты мардымды жауап бере алмады. Ал жалпы электр мәселесін шешу үшін жұмыс істеп жатқандарын айтты.
«Әкімдікке хабарласқанымда бұл мәселе облыс бойынша бар деп жауап берді. Ал, «Атырау-Жарық» мекемесі 3 шілдеде болған апатқа байланысты қаладағы үлкен мекемелерге жарық беруді уақытша тоқтатып жатырмыз дейді. Жарықтың ақшасын уақытылы төлеп тұрамыз. Сондықтан, алдағы уақытта да қолдан келгенше жұмыстанамыз», — дейді коммуналдық базарының әкімшісі Клара Ермекова.
Қысқасын айтқанда, коммуналдық базардағы электрмен жабдықтау мәселесінің толық қашан шешілетіні белгісіз. Сауда орнының бірнеше жыл бойы жекенің меншігінде болып, жуықта ғана мемлекеттің қарауына өткендігі белгілі. Осыны айтқан сатушылар ендігі үмітіміз — жергілікті атқарушы органда дейді.
Автор: Нұрбибі Теміртасова