CaspianLife, 4 шілде — Жайық өзенінде серуендеуге арналған екі қайық соқтығысып, 7 адам зардап шекті. Оның 4-еуі бала. Дәрігерлер жарақаты жеңіл үш ересек және екі балаға ем-дом жасап, үйге жіберді, деп хабарлайды Caspian Life.
Тағы екі бала облыстық ауруханада жатыр. Біреуі жансақтау бөлімінде. Жағдайы ауыр.
«Ауыр жағдайдағы науқастың миына қатты зақым келген. Ол ес-түссіз жатыр. Оған таңғы 5-те ота жасалды. Қазір дәрігерлердің бақылауында. Тағы бір баланың иығы сынған. Оның жағдайы тұрақты», — дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Абилова.
Оқиға 3 шілде күні кешкі сегіз шамасында Малибу жағажайының тұсында болды. Полицейлердің айтуынша бірінші қайыққа 10 адам, екіншісіне 25 адам мінген. Осы жағдайға байланысты тергеу басталды. Көлік бақылау инспекциясы қызметкерлерінің дерегіне сүйенсек, қазіргі кезде Атырауда 12 кәсіпкер тұрғындарды Жайық өзенінде серуендету бизнесімен айналысады.
Автор: Ақмарал Бисембаева
Фото: Рахим Қойлыбаев