CaspianLife, 30 маусым —Атырауда жол ережесін бұзғанымен қоймай, көлік салығын төлемей жүргендер де көп,- деп хабарлайды caspianlife.kz. Салықшылардың айтуынша 4700-ден астам атыраулық салық төлемей қашып жүр. Олардың мемлекет алдындағы қарызы 354 млн теңгеге жеткен. Бұл соманы мәжбүрлі түрде өндіру мақсатында салықшылар мен полицейлер және сот орындаушылары бірігіп, рейд өткізіп жатыр. Мамандар қымбат маркілі авто мінгендердің арасында салық төлемейтіндер көп дейді. Мына лексус маркілі машина иесінің мемлекетке берешегі 190 000 теңгеге жуық. Ал Атырау қаласы бойынша ең жоғары берешек – 3 миллион теңгеден асады. Мұндай бірлескен рейд жыл басынан бері бірнеше рет ұйымдастырылып, 158 млн теңге мәжбүрлі түрде өндірілген. Мамандар салығы төленбеген машинаның айып тұрағына қойылатынын және оның шетелге шығуына тыйым салынатынын ескертеді. Ал салық мөлшерін kgd.gov.kz немесе Каспи банк қосымшасына кіріп, ЖСН теру арқылы біле аласыз.