CaspianLife, 16 маусым — Маңғыстаулық экологтар «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнындағы өртеніп жатқан ұңғыманың қошаған ортаға қаншалықты зиян келтіргендігін анықтауға кірісті, деп хабарлайды Caspian Life.
Олардың сөзіне қарағанда оқиға болған жердегі метанның концентрациясы нормадан 40-50 есе асып кетуі әбден мүмкін. Бұл әзірге болжам ғана, ал нақты мәлімет тек өрт сөнгеннен кейін белгілі болады, — дейді мамандар.
Естеріңізге салайық, «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнындағы өрт 9 маусым күні басталды. Бұрғылау құрылғысын жоғары көтеріп жатқан кезде газды су қоспасы атқылап, ұңғыма айналасында диаметрі 15, тереңдігі 2-3 метрге жететін шұңқыр пайда болған. Өртеніп жатқан ұңғыма «Бозащы-Мұнай» компаниясына тиесілі. Апаттың шығуына ұңғымадағы өртке қарсы жабдықтың істен шығуы себеп болды деген болжам айтылуда.