CaspianLife, 15 маусым — Қызылқоға ауданының Сағыз ауылында жаңа мектеп бой көтереді, деп хабарлайды Caspian Life.
Аудан әкімдігінің дерегінше, мектепте 600 оқушы білім алатын болады. Ал, құрылыс жұмыстары 2024-2025 жылдарға жоспарланған.
«Мектеп тарлығын ауыл тұрғындары облыс, аудан басшыларының халықпен кездесулерінде жиі көтеріп келеді. Бұқараның тілегін орындауды басты міндет санаған аудан басшыларының ұсынысына сай, облыс әкімі Серік Шәпкенов жақында Сағыз ауылының тұрғындарымен кездесуінде сапалы білім мен тәрбие беру мақсатында Сағыз ауылынан жаңа мектеп салынатынын мәлімдеген болатын. Енді аталған мектеп құрылысы «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша «Самырұқ-Қазына» қоры арқылы салынбақшы»,- деді аудандық құрылыс, сәулет, және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дулат Нығметов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде жер телімі бөлініп, бастапқы құжаттары әзірленген. Ал жобалау жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.