CaspianLife, 14 маусым — Атырау облысы дала және орман өртіне толықтай дайын емес. Облыстық әкімдікте аймақ басшысының орынбасары Қайрат Нұртаевтың қатысуымен өткен жиналыстан осындай қорытынды шығаруға болады. Құтқарушылардың сөзінше кей аудандарда өрт сөндіру бекеттері қағаз жүзінде ғана бар, деп хабарлайды Caspian Life.
2021-2025 жылдар аралығындағы экономикалық-әлеуметтік жоспар бойынша Исатай, Тайсойған, Хиуаз және Бақсай ауылдарында 4 бекет ашылуы тиіс. Қазір бұл жұмыс Махамбет пен Исатай ауданында қарқынды жүріп жатыр дейді маман. Дегенмен, Исатай ауданының басшылары осы уақытқа дейін өрт сөндіру бекетін қаржыландыру туралы мәселе көтермепті. Дала мен орман өртіне Құрманғазы ауданы да дайын емес болып шықты.
Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Дәурен Берденовтың қолындағы дерекке сенсек, бір бекетке жылына бас-аяғы 19 млн теңгедей қаржы қажет. Сондықтан, дала және орман өртінің алдын алу үшін әуелі өрт сөндіру бекеттерінің жұмысын жолға қою керек дейді ол.
Жыл сайын өртке оранатын «Ақжайық» резерватындағы қызметкерлердің де дайындығы нашар көрінеді. «Оған себеп – техниканың жоқтығы» дейді құтқарушылар. Биыл резерватқа республикалық бюджеттен 285 млн теңге бөлініпті. Бұл қаржыға қажетті жабдықтарды алып жатырмыз дейді резерват өкілі.
Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев батпақты жерге ауыр техника бара алмайтындықтан, тиімді тәсілдерді қарастыруды ұсынды. Және өрттің басталғандығын біліп отыру үшін хабарлау механизмін қолға алу қажет дейді.
Қайрат Нұртаев жиын соңында ТЖД мамандарымен бірге резерват аумағында рейд өткізуді ұсынды.