CaspianLife, 11 маусым — Абай облысындағы орман өртіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы ҚР ТЖМ хабарлады.
Бұған дейін «Семей орманы» резерватында шыққан орман өрті кезінде Новошульба филиалының 14 қызметкерімен байланыс үзіліп, дереу іздестіру жұмыстары басталған еді. Министрлік олардың тізімін жариялады.
1. Жиенбаева Мейрамгүл Құсайынқызы — «Семей орманы” МОТР” РММ Новошульба филиалы Успенское орманшылығының басшысы;
2. Тоқтасын Серікжан Бақытбекұлы — «Семей орманы»МОТР» РММ Новошульба филиалының орман қорғау жөніндегі инженері;
3. Дүйсембаев Амангелді Спатайұлы — «Семей орманы” МОТР” РММ Новошульба филиалының көлік жүргізушісі;
4. Губаев Алексей Григорьевич- “Семей орманы” МОТР” РММ Новошульба филиалы Успенское орманшылығының орман шебері-мемлекеттік инспектор;
5. Фоминых Максим Владимирович-“Семей орманы” МОТР” РММ Новошульба филиалы Успенское орманшылығының аумақтарды қорғау жөніндегі инспекторы-мемлекеттік инспектор;
6. Нұржігітов Саят Нұржанұлы-“Семей орманы” МОТР” РММ Новошульба филиалы Успенское орманшылығының аумақтарды қорғау жөніндегі инспекторы-мемлекеттік инспектор;
7. Наченов Константин Сергеевич — “Семей орманы” МОТР” РММ Новошульба филиалы Успенское орманшылығының аумақтарды қорғау жөніндегі инспекторы-мемлекеттік инспектор;
8. Сидорин Александр Викторович — “Семей орманы” МОТР” РММ Новошульба филиалы Успенское орманшылығының аумақтарды қорғау жөніндегі инспекторы-мемлекеттік инспектор;
9. Сидорин Виктор Александрович — “Семей орманы” МОТР” РММ Новошульба филиалы Успенское орманшылығының аумақтарды қорғау жөніндегі инспекторы-мемлекеттік инспектор;
10. Пузырев Николай Иванович —
“Семей орманы” МОТР” РММ Новошульба филиалы Орталық орманшылығының өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі;
11. Пузырев Сергей Николаевич — “Семей орманы” МОТР” РММ Новошульба филиалы Орталық орманшылығының орман өрт сөндірушісі;
12.Дарибаев Александр Викторович — «Семей орманы” МОТР” РММ Новошульба филиалының Жерновка орманшылығының тракторшы-машинисі;
13. Гражданкин Петр Александрович – “Семей орманы” МОТР” РММ Новошульба филиалы Успенское орманшылығының орман өрт сөндірушісі;
14. Ганьшин Даниил Евгеньевич — “Семей орманы” МОТР” РММ Новошульба филиалы Орталық орманшылығының өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі.
ІІМ ақпараты бойынша Абай облысында өртті сөндіруге қатысып, қаза тапқан бес қызметкердің жеке басы анықталды.
Олар:
1. Серікжан Тоқтасын, 27 жаста;
2. Александр Сидорин, 39 жаста;
3. Саят Нұржігітов, 51 жаста;
4. Алексей Губаев, 30 жаста;
5. Амангелді Дүйсембаев, 59 жаста.
Қазіргі уақытта өрт сөндіру орнында табылған қалған 9 адамның жеке басы нақтылануда.
Орман өрті бойынша ҚР ҚК 292-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу).
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Абай облысындағы өртті сөндіру, сондай-ақ апат ауқымының кеңеюіне жол бермеу және азаматтар мен олардың мүлкінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолда бар барлық техникалық және адами ресурстарды жұмылдыруды тапсырды.
Өртті сөндіруге Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері тартылды.
Кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Президент орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті.
Мемлекет басшысы қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасына көңіл айтты.
«Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз. Қаза тапқан азаматтар қайтып келмейді. Бірақ өмір жалғасады. Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз»,– деді Мемлекет басшысы.
Президент зардап шеккен отбасылардың барлығына қажетті көмекті беруге әзір екендігін жеткізді.
«Мен сіздерге көңіл айту үшін арнайы келдім. Екіншіден, жан-жақты көмек көрсетілетінін айтуға келдім. Қаржылай да, басқа да көмек көрсетіледі. Балалар балабақшаға, ЖОО-ға орналастырылады – бәрі орындалады. Мен, әрине, сіздермен біргемін. Сіздер – еліміздің азаматысыздар. Мен сіздер үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Өте ауыр жағдай екенін түсінемін. Асыраушыларыңызды, отағасын, ең жақын туыстарыңызды жоғалттыңыздар. Өкінішке қарай, өмірде мұндай қайғылы жайттар болады. Мұны ақтайтын ешқандай себеп жоқ. Тағы да айтамын. Моральдық және материалдық көмек көрсетіледі», — деді ол.
Тоқаев зардап шеккендерге көмеу көрсету үшін президент жанынан арнайы қор құрылатындығын және барлық отбасыға жеке жәрдемақы берілетіндігін айтты. Сондай-ақ, мемлекет басшысы жұмыстарын тиісті деңгейде атқармаған барлық жауаптылар жазалатынын жеткізді.
«Министрлік және басқа да тиісті органдар апаттың ауқымы бойынша қате болжам жасаған. Шұғыл шаралар қабылдап, өртті сол жерде өшіруі, кем дегенде оқшаулауы керек еді. Оны істемеген. Жағдайға салғырт қарады, біліктілік танытпады. Барлығы жазаланады», — деді ол.
Президент орман өртіне жауаптылардың салғырттығы себеп дейді.
«Алда ауқымды жұмыс бар. Жалпы, бұл салада түйткілдер, шешілмей жатқан мәселелер аз емес. Қазіргі таңда негізгі міндет – жұмысты сапалы жүргізу. Бұл – ең алдымен, осындай апаттарға жол бермеу қажет, сонымен қатар төтенше жағдай болған кезде тиісті шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылуы керек деген сөз. Біздің жағдайымызда кәсіби салғырттық, адамдардың тағдырына мүлде немқұрайлы қарау байқалды. Қазір бұған тағы да көз жеткіздім. Ал, қазіргі таңда сапалы, дұрыс жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Мұны мойындауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, бұл саланың жұмысын түбегейлі жақсарту қажет. Министрлік, оның басшылары өз қызметтік міндеттеріне селқос қарайды. Не істеу керек екенін білмейді. Шұғыл шешімдер қабылдамайды. Сондықтан осындай апаттар орын алып отыр», — деді президент.
Мемлекет басшысы Жедел штаб отырысында жергілікті басшылықтың жұмысын да сынға алды.
«Мен қызметінен босатқан министр өзінің тікелей қызметтік міндетін орындауға неге мүлдем немқұрайлы қарайды?! 14 адам қаза тапты. Сіз осыны түсінесіз бе? Мен олардың отбасыларымен кездестім. Бұл азаматтар өз отбасының перзенттері, отағасы болатын. Бір отбасында екі жасар бала жетім қалды. Адамдардың артында несиелері қалды. Олар отбасының жалғыз асыраушысы еді. Министр келмеді, облыс әкімі тым баяу қозғалды, орынбасарларын жіберді. Жұмысқа деген қандай қарым-қатынас?! Осы жөнінде есеп беріңіз! Нақты сұрақ – неге қате болжам жасалды?», — деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы келесі аптада барлық мәселе шешіледі деп уәде берді. Қазіргі уақытта 60 мың гектарға жуық орман алқабы өртке оранған. Өрт сөндіруге 300-ге жуық техника, 1500-ге жуық адам және 11 тікұшақ жұмылдырылған.