CaspianLife, 29 мамыр – Демалыс күндері облыс орталығындағы сауда орталықтарының бірінде республикалық «Халық заңгері» акциясы өтті деп, хабарлайды сaspianlife.kz. Оған 40-қа жуық маман қатысты. Араларында заңгер, адвокаттардан өзге 30-ға жуық мемлекеттік орган басшылары және квазимемлекеттік ұйым өкілдері болды. Сауда орталығына шаруасымен келген атыраулықтар ойламаған жерден заң кеңесін тегін алып, алдағы уақытта қандай іс әрекет ету керектігін білді. Қалалықтардың тарапынан қойылған сұрақтардың көбі — балабақшаға тіркеу, жұмысқа орналасу, мүгедектік алу, шағын бизнес пен грант, тұрғын үй мен жер мәселесіне қатысты болды. Жылына бір рет өтетін акцияны Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ұйымдастырды. Былтырғы акция кезінде мамандар 100-ге жуық тұрғынға тегін кеңес берсе, осы жолы 150 адамға көмек көрсетті.