CaspianLife, 17 мамыр — Қазақстан мен Қытай мұнай-газ химиялық жобалары бойынша жаңа келісімге келді, деп хабарлайды CaspianLife.
Бұл туралы Қытайдың Сиан қаласында өтіп жатқан «Қытай – Орталық Азия» халықаралық саммитінде белгілі болды. «Қазмұнайгаз» ҰК-ның басшысы Мағзұм Мырзағалиев Қытайға экспортталатын мұнайдың көлемі артатынын хабарлады. Ол үшін Атырау-Кеңқияқ және Кеңқияқ-Құмкөл құбырларын кеңейту жоспарланып отыр.
«Қазіргі уақытта бұл құбырлардың сыйымдылығы 6 млн тонна. Ал, Атасу-Алашанькоу мұнай құбырының сыйымдылығы 20 млн тонна. Сондықтан, Батыс Қазақстанан қара алтын тасымалын арттыру үшін құбырларды кеңейту керек.Осы мақсатта SNPS компаниясымен келіссөздер жүргізіп, шешімге келдік. Кеңейту жұмыстарына 200 млн доллар қаржы жұмсалады. Бұл жұмысты келер жылы бастағымыз келіп отыр» — деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Энерджи Монитор телеграмм каналының хабарлауынша, қытайлық Sinopec компаниясы Атыраудағы полиэтилен зауытының құрылысына қатыспақ. Құжат бойынша Sinopec ресейлік SIBUR компаниясы сияқты серіктес мекеме ретінде жұмыс істейді. Бұл компанияның технологиялары мен тәжірибесін мұнай-химия нысандарын салуда пайдалануға және болашақта Қытайға дайын өнімді сатуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыруға 7,6 млрд доллар қаражат қажет. Жобаның 40 пайызы Қазмұнайгазға тиесілі болса, Сибур мен Синопек компанияларының әрқайсысы 30 пайыздан алады.
Фото: 1Lurer