CaspianLife, 17 мамыр — Атырау қаласындағы нөмірі 41-ші мектеп-гимназияға халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың есімі берілді, деп хабарлайды CaspianLife.
Салтанатты іс-шараға жазушының тума-туыстары, ұстаздар мен оқушылар, жергілікті билік өкілдері қатысты. Жиналғандарға жазушының ұлы Дәулет Кекілбаев рахмет айтып, ризашылық білдірді.
«Қала әкіміне, білім басқармасына, арнайы осы мектептің директоры мен мұғалімдеріне үлкен рахмет айтқым келеді. Қазіргі таңда «Әбіш әлемі» деген түсінік бар. Сол әбіш әлемін зерттейтін де, оқитын да, танысатын да, елге таныстыратын да – өздеріңсіңдер, айналайындар,биіктен көрініңдер» — деді Ә.Кекілбаевтың ұлы Дәулет Кекілбаев.
Әбіш Кекілбаев Маңғыстау облысындағы Оңды ауылында 1939 жылы дүниеге келді. «Үркер» , «Елең-алаң» романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды. «Шандоз», «Аңыздың ақыры», «Бір шөкім бұлт», «Күй», «Аш бөрі», «Ең бақытты күн» секілді роман, повесть, әңгімелердің авторы. 1965-2002 жылдар аралығында түрлі мемлекеттік қызмет атқарды. Әбіш Кекілбаев 2015 жылдың желтоқсанында дүниеден өтті.