CaspianLife, 17 мамыр — «Азаттық» даңғылындағы 65 ағаш кесіліп, 15 терек басқа жерге көшіріледі, деп хабарлайды CaspianLife.
Нақтырақ айтқанда, бұл ағаштың барлығы №6 Мұрат Мөңкеұлы атындағы мектеп пен «Арна» жанармай құю бекеті арасындағы аумақтан ғайып болмақ. Өйткені, дәл осы аумақтың ені басқа учаскелерден қысқалау. Ағаштарды кесіп, оны көшіру жұмыстарымен айналысатын компания алғашында ағаштардың өмірін механикалық жолмен, яғни арнайы техниканың көмегімен басқа аумаққа қайта еккісі келген. Бірақ, талдардың тамырларына жақын орналасқан коммуналдық желілер көшірудің бұл әдісіне мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан, мамандар ағаштарды мұқият зерделеп, оларды қарапайым жолмен көшіреді. Барынша кесілетін ағаштардың санын азайтып, қайта егілетін желектердің қатарын көбейтуге тырыспақ.
«Біздің жобада ені 15,5метр болғанмен заправка келгенде шамалы сужаться етеді, ені кішірейеді. Сол себепті талдар осы аумаққа кіріп тұр. Қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары қарқынды жүруде, ертерек бітіруге жұмыстанып жатырмыз» — деді Атырау қалалық ТҮКШ бөлімі секторының бас маманы Нұрбол Жампейісов.
Алғашында жоба бойынша даңғылдың бойындағы 250-ге жуық ағашты кесу қарастырылған. Алайда мамандар ақылдаса келіп, оның саның бірнеше есеге азайтыпты. Құрылыс жұмыстарына жауапты «АтырауИнжСтрой» компаниясы 65 ағаштың орнына 650 тал егіп бермек. Бұл жұмыспен «Каспийдормостострой» мекемесі айналысады.
«Біздің жоба бойынша қайта егілген ағаштарды бір жыл бойы күтіп баптаймыз. Одан кейін бұл жұмыспен басқа компания айналысу мүмкін. Өйткені, бұл ағаштар мемлекеттің балансында. 650 талды егіп, біздің жұмыс аяқталды демейміз. Біз келісімшарт жасап, 3 жыл бойы сол ағаштарды күтіп баптаймыз. Жалпы 650 ағаштың жартысын Сырым Датов көшесіне, қалған ағаштарды «Балықшы» ықшам ауданы Айнаш Байжігітов көшесі бойындағы жағалау аумағына егеміз» — деді Атырау қаласын көгалдандыру жобасының жетекшісі Леноид Задерный.
Жалпы 2,5 шақырым жолдың ені 12,5 метрден 15,5 метрге дейін кеңейтіліп жатыр. Жаңғырту жұмыстары былтыр басталған еді. Қалалық әкімдіктің қызметкерлері басталған жұмыс биылдан қалмай аяқталады деп отыр.
Фото: AtyrauPress