CaspianLife, 10 мамыр — Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы авангардтық атқышқа үкім кесті, деп хабарлайды Caspian Life Caspian news арнасына сілтеме жасап.
3 адамды өлтіріп, біреуін басынан жарақаттап, мүгедек еткен маңғыстаулық Бауыржан Қара өмір бойы түрмеде отыратын болды. Оған қылмыстық кодекстің «екі немесе одан да көп адамды өлтіру», «заңсыз қару сақтау» сияқты екі бабы бойынша айып тағылған еді. Сот процесі кезінде бірнеше сараптама жасалып, айыпталушының қылмысқа саналы түрде барғандығы дәлелденді. Сондай-ақ Бауыржан Қара жәбірленушілердің әрқайсысына 10 миллион теңге көлемінде моральдық зиян төлеуі тиіс. Және оны екі ай ішінде төлеу мендеттелді. Әйтпесе, мәжбүрлі түрде өндірілмек. Сотталушы жазасын қатаң әрі ерекше тәртіптегі түрмеде өтейді. Ал әзірге аппеляциялық шағым түсіруге мүмкіндігі бар.
Орайы келгенде естеріңізге салайық, оқиға былтыр 15 наурызда «Авангард» ықшам ауданында болды. Маңғыстаулық азамат 4 адамға екі тапаншамен оқ жаудырған еді. Оған екі тарап арасындағы өзара келіспеушілік себеп болған. Дұрысын айтқанда Бауыржан Қара үш баласы бар келіншекпен көңіл қосып, бірге тұрған. Ал балалар өгей әкенің өздеріне қол көтергендігін туған әкесіне айтады. Ол жағдайды учаскелік полицейге хабарлап, екі жақ бөлімшеде кездесіп қалады. Және сол жерде дұрыстап әңгімелесу үшін кешке жолықпаққа уағдаласады. Ал оның қайғылы аяқталғаны белгілі.
Автор: Жарқынай Қанатова