CaspianLife, 5 мамыр – «Атырауға ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жұмыс сапарымен келіп, халықпен кездесті», — деп хабарлайды сaspianlife.kz. Жиынға қатысқандар туристік орындарды дамыту, ұлттық спорт түрлерін қолдау сынды өзекті мәселелерді көтерді. Кәсіпкерлер «Даму бала» плафтормасы туралы толық мәлімет ала алмай жүргендерін айтты. Кәсіпкердің сөзінше, жауапты басқарма мамандарының кәсіби шеберліктерін әлі де жетілдіру керек. Ведомстваның ресми мәліметіне сүйенсек, биыл Атырау облысында балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және спорттық секцияларды қаржыландыруға 5 миллиард теңге қарастырылып отыр. Асхат Оралов арнайы платформамен жұмысты өңірдегі жауаптылар үйлестіру керек дейді. Биыл Құрманғазы ауданындағы Азғыр, Жылыой ауданындағы Шоқпартоғай ауылында мәдениет үйін салу жұмыстары басталады. Және өңірдегі 12 мәдени нысан жөнделеді деген жоспар бар. Министр кездесу кезінде кітапханаларды коворкинг-орталықтарына айналдыру керектігін де айтты. Министрлік дене шынықтыру мен спорт саласын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіткен. Жоспарға сәйкес, 2027 жылға дейін Атырау облысында 20 спорттық және дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ.