CaspianLife, 28 сәуір – Атырау қалалық мәслихатының депутаттары «Арнаулы автобаза» мекемесіне барып, жағдайын көрді. Олар әуелі техникаларды қарап шығып, кейін жұмысшылармен тілдесті деп хабарлайды сaspianlife.kz.
Халық қалаулыларының бұл келісіне қоқыс тарифін көтеру төңірегіндегі тайталас себеп болған секілді. Өйткені, олар осы мәселеге қатысты әлі бір шешімге келе алар емес. Мекемені мұқият аралап шыққан олардың кейбірі тарифті үш есеге болмаса да, екі есеге өсіру қажет дегенді айтты.
«Қалай болса да тарифті көтеру керек. Бірақ үш есеге емес әрине. 2 есеге көтерсек болады. Әйтпесе, арнаулы автобаза қарыздарын төлей алмай, мүлде тұралап қалмақ. Атырау халқының бәрі бірдей кедей емес қой, байлар да бар емес пе?», — деді Атырау қалалық мәслихатының депутаты Асқар Сәтбаев.
Кейбірі нақты пікір білдіре алмады.
Тарифті дәл қазір көтеріп-көтермеу туралы айту қиын. Өйткені экономикалық жағынан есептеу қажет Бұл мекеме жұмыс істеу керек. Бірақ халыққа да қиын болмағаны дұрыс»,- деді Атырау қалалық мәслихатының депутаты Ілияс Қонысбаев.
Ал «Арнаулы автобаза» мекемесінің басшысы қолдағы 249 техниканың тең жартысы көп ұзамай есептен шығарылатынын айтады. Өйткені әбден тозығы жеткен. Олардың май-суын, қосалқы бөлшегін уақытылы ауыстыруға қаражат болмаған көрінеді. Ақырында депутаттар «тақырыпты тағы қаузап, бір шешімге келеміз» деп тарқасты. Кезінде жергілікті әкімдік қоқыс тарифін адам басына шаққанда 197 теңгеден 594 теңгеге дейін көтеру туралы әңгіме қозғап, оны кейбір қоғам белсенділері қолдай кеткен еді. Бірақ, көптің қарсылығына тап болды. Ал жуықта өткен қоғамдық кеңесте «Арнаулы автобаза» басшылығы тарифті ең болмағанда 460 теңге етсек деп ұсыныс білдірген болатын.